Қос бейіт кесенесі
Орналасқан жері: Ақмола облысы Жақсы ауданы Терісаққан ауылы маңында.

Аңыз – әңгіме: «Қос бейіт» жазық далада алыстан көрінетін қос төбеден пайда болған атау. «Қос бейіттің» маңайын өз заманында көпшілікке әмірі жүріп тұрған, бай адам жайлайтын болған екен. Байдың ай десе аузы, күн десе көзі бар бойжеткен қызы болған екен. Байдың мыңғырған қалың жылқысын барымташыларға бермей, ит-құсқа жем қылмай, қалған жылқышы беткенге бас-көз болып жүретін бір мықты жігіт болыпты. Сол жігіт байдың жан дегенде жалғыз қызына ғашық болады, қыз да жігітті ұнатып қалады. Жігіт араға жеңгелерін салып, қызбен кездесіп сөз байласады. Ел құлағы елу дегендей бұл хабар қыз әкесіне де жетеді. Содан не керек өз есігінде жалданып жүрген кедей жігітке қыз беруді өзіне ар санаған бай қолшоқпарларына бұйырып жылқышы жігітті өлесі қылдырып соққыға жығады. Жігіт жақын бір жамағайының үйінде төсек тартып жатып, қызды алып қашуды мақсат қылады.
Ақыры соққыдан жазылып, есін жиған жігіт ат баптап, уәделескен уақытта бай қызын алып қашады. Сөйтсе, бай жігітті аңдытып қойған екен, сақ отырған бір топ адам екі жасты қуғындап береді. Астындағы аттары қанша жүйрік болса да көп адам жабыла қауып, ұстауға айналады. Бұл көктемгі қару суы еріп, Терісаққан өзенінің тасып жатқан уақыты екен. Қуғыншылар ұстауға таяп қалған соң, екі жас амалсыздан ат-матымен өзенге қойып кеп кетсе керек. Былайғы кезде беті ғана жыбырлап, шым-шымдап ағатын Терісаққан көктем сала буырқана тулап, ашуына қатты мінетін болса керек, қос ғашықты ағызып ала жөнеледі. Қатты ызаға бой алдырып, қуып келе жатса да қызының ажал тырнағына ілінерін білген бай екі жасты құтқаруға қанша тырысқанымен долы өзен шыр айналдырып, тереңіне тартып кетеді. Содан, ел-жұрт болып өзен бойын екі-үш күндеп шарлап, жігіт пен қыздың өлі денесін тауып алады. Жалғыз қызынан айырылған бай өзінің тым қатты кеткеніне өкініп, тірісінде қосылмаған екі жасты жер қойынына қатар жерлейді.
Жергілікті өлкетанушы : Әлсейітов Сақташ
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Тортай Садуакасовтың «Ел мен жер» кітабы (2003ж)