Саққұлақ би кесенесі
Орналасқан жері: Ақмола облысы Ерейментау ауданы Ерейментау қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 24 шақырым жерде орналасқан.
Қысқаша анықтамасы: Саққұлақ би 1800 жылы Ақмола уезі, Ерейменнің Қоржынкөл жерінде дүниеге келген. Саққұлақ шешендік өнерімен атақты болған адам. Ағаштан түйін түйген шеберлігімен қатар, мылтық ататын, мергендік құс салатын құсбегі мен мініскер өнері де болған.
ХІХ ғасырдағы Орта жүздің биі болған. Шешендігінің арқасында «Орта жүздің боз арғымағы», «Арғынның ақсақалы» атанған.
Ерте кезде сот және тергеу қызметтерін қазақ билері атқарып, олар өздерінің шешендік сөздерімен барлық даулы мәселелерді әділ шешкен.
Саққұлақ би - Бөгенбай батырдың шөбересі. Ол 12-13 жасында Бапан бидің қасында жүріп, шешендік өнерге баулиды. Ал 15 жасында кішкентай дауларды шешкен. Саққұлақ бидің шешендік туындылары: «Саққұлақтың Шоқанға берген батасы», «Ақыл туралы», «Төрт нәрседен қашық қыл», «Бұл да бір ғалымның бірі еді-ау», «Шыңғысқа өз аузынан айтқан көңілі», «Ғылым туралы», «Байдалы биге айтқаны», «Мұсаның өліміне айтқаны» және басқалары.
Саққұлақ би өз сөздерін жаза отыра, сонымен бірге басқа билердің ойларын жазған болатын. Саққұлақ би 1888 жылы қайтыс болды. Оның артынан жеті ұлы еріп, олардың ішіндегі Нұралы және Ералы деген балалары шешен және би болған екен.
Кесене қасбеттерінің қырларында аркалық нишалары бар сегізқырлы күмбез түрінде болды. Сегізбұрыштың оңтүстік-батыс қыры кірпіштің екі төменгі қатарына дейін бұзылған. Арка түрінде кесене орналасқан. Ұрпақтарының бірінің аты жазылған ескі тастың жанындағы батыс қабырғаның маңында Саққұлақтың өзінің және екі ұлының аттарымен өмір сүрген уақыттары белгіленген үш жаңа қабір үсті ескерткіші орнатылған. 2000 жылы кесене қирандысында орталық композицияның сегізқырлы күмбезді саркофагы салынған. Ақмола облысы Ерейментау ауданы Қоржынкөл көлінің жағасында орналасып, ХІХ ғасырдың сәулет ескерткіштерінің бірі болып табылады.
Пайдалынылған әдебиеттер тізімі:
- Тұрсымбай Ералиевтың « Өмір шежіресі » атты кітабы 2005 жыл.
- Жазушы Сайлау Байбосынның «Ерейментау» кітабы 2009 жыл.
- Бөкеш Мейрамның «Дала мен қала» кітабы 2017 жыл.
