Әліптомар қажы мазары
Орналасқан жері: Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы, Абай ауылы.
Қысқаша анықтамасы: Әліптомар жерленген жері ХІХ-ХХ ғасырдың ескерткіші болып табылады.
Осы бір жерленген жері туралы естелікті біз Ақмола тарихи-өлкетану мұрағатының қызметшісі Н.В.Шивринаның айтуы бойынша жазып алған едік. Ол кісі бұл жерленген жердің аңызын Абай ауылының жасы жетпісті алқымдап қалған тұрғыны Жәкен Қамбарұлынан естіген екен.

Патша үкіметінің суық қолы қазақ даласын жан-жақтан қаусырып, халықтың ғасырлар бойы ұстанып келген Ислам дінін де қыспаққа алып жатқан кезең болса керек. Бірақ, халық өзінің дініне деген ұстанымына еш ақау түсірмей, діни қағидаларды үлкен жауапкершілікпен атқара беріпті.
Сол бір кезеңде қазіргі Қызылжар жерінде дініне берік, Әліптомар деген дәулетті, тақуа адам болыпты. Мұсылманның бір парызы шамасы келген адам сонау араб жеріндегі Меккеге қажылыққа бару. Ол бір кез қазақ даласына темір жолы әлі тартылмаған, халық алыс сапарға ат-түйемен керуен арқылы қатынайтын заман. Содан не керек Әліптомар алты айлық алыс сапарға аттанауға бел буып, айналадағы ел-жұртпен, туған-туысқандармен қоштасып, қасына бір ұлын ертіп Меккеге бет түзейді. Осы бір игі жолға аттанған Әліптомар тақуа сапардың бесінші күні аяқ астынан сырқаттанып қалады. Топырақ осы жерден бұйырған болса керек жолаушылар қазіргі Абай ауылының тұсына келгенде Әліптомар өмірден өтіп кетеді. Осындағы ел-жұрт жиылып келіп тақуаны мұсылман дәстүріне сай арулап көміп, жер қойынына тапсырады. Кейінен ұлы арттағы жұртқа хабар беріп, тақуаның балалары әкесінің басына биік қылып жерленген жеріне мазар тұрғызады.
Жерленген жер сол аумақта көп кездесетін формаланған ұсақ тастар, жылқы жалы мен өсімдік тамырларының қоспасынан құйылған өңделмеген кірпіштен жасалған. Әшекейлі шешім ретінде жерленген жердің бүкіл цилиндрлік көлемі бойынша күңгірт және ашық өңді кірпіштер қалау қатарларының алмасуымен қолданылған. Жерленген жері Қазақстанның діни сәулет тарихи қазынасы болып саналады.
Жергілікті өлкетанушы: Маймұқан Боранбай.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: Ақмола облысының тарихи және мәдениет ескерткіштерін зерттеу құжаттары «Қазқайта қалпына келтіру» РМК ҒЗЖФ жиынтық бөлімі зерттеді. 2006 ж. Ғ.М. Қамалов.